Discover millions of ebooks, audiobooks, and so much more with a free trial

Only $11.99/month after trial. Cancel anytime.

Зауал
Зауал
Зауал
Ebook842 pages18 hours

Зауал

Rating: 0 out of 5 stars

()

Read preview

About this ebook

Кейіпкер көкейіндегі көзбояушылық, немқұрайдылық, немкеттілік пиғылды шенеп, арамдықтың кісіге айналып соғатын зауалын тексереді. Кісіге жасаған қиянат, я жапсырған ғайбат – текке кетпейді деп түйеді. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарындағы кәрі Қаратау мен Сырдария арасын мекендеген бір қауым елдің тіршілік жанталасын, ұлы уәйімін қозғаған роман – тереңіне бойлап бітпейтін, жағасына жүзіп жетпейтін өмір дариясынан пәлсапа түйеді.
Дүние тіршілігінен өзекжарды пайым іздеуімен қызықтырады.

LanguageРусский
PublisherN&N DIGITAL
Release dateApr 1, 2011
ISBN9781458160737
Зауал

Read more from N&N Digital

Related to Зауал

Related ebooks

Romance For You

View More

Related articles

Reviews for Зауал

Rating: 0 out of 5 stars
0 ratings

0 ratings0 reviews

What did you think?

Tap to rate

Review must be at least 10 words

    Book preview

    Зауал - N&N DIGITAL

    1

    Әйгілі Қоқаң қорығының иесі Мақұлбек бүгін ерекше қапалы еді. Болаттай берік, пендеге мысқал залалы жоқ, елудің қырқасына шыққан осы жан бүгін қатты өзгерген. Кешегідей қауқары жоқ, пеш түбінде, ескі текемет үстінде күн ұзаққа дөңкиіп жатты да қойды. Әредік-әредік басын көтеріп алып, көзі кіртиіп есік жаққа қарайды. Босағада ернеуі көгерген насыбай тостақ, кеше ертемен тұрып түбін қырнап, иісі мұрныңды жарған ащы немені тамсанып отырып дәмін атқан. Мақұлбек туасында салынған насыбайкеш емес, ылғи орта жүретін шыны шақшаны зәуіде ғана алақанға қағатын. Насыбай тостақтан әрі өзінің керзі етігі тұр. Дәл етік түбінде аш күзендей бүгіліп Ақтөс тазы жатушы еді. Қызық пен қиындықты бөліп көтерген жан серігі болды. Елжірей жақсы көретін, тағдыр оны да көп көрді...

    «Иә, пірім, не болып барамын осы» деп қайта қисайды. Қақаңдап жүріп-жүріп, белі кеткен нардай болып шөгіп қалды... Кешегі бір оқиға көз алдына елестесе болды шекесінен суық тер бұрқ етеді... Оқиға төмендегіше өрбіген еді. Бәрін де басынан бастайық.

    Өзі қашаннан Қоқаң бауының қорықшысы болатын. Сонау бір соғыс жылдары қан майданда бес жыл бойы белшесінен қан кешіп келіп, осы бір қарапайым қаракеттің басын ұстаған. Содан бері бұл қорықты қол тигізбей қорығыштап, арасындағы шығымы мол шабындықтан ұжымға жыл сайын мая-мая шөп қып үйіп берумен келеді. Әлі де қалған ғұмырын жаны сүйген осы қарекетпен өткізер еді, болмады, пәлекет жабысты, ер жігіттің мойнына сын түсті...

    Тыстан әйелі кіріп алдына дастарқан жайды. Дәл тұмсығының астына нән тостақ кеспе көжені қоя салды. Бұл ала көзімен қарап қойып басын көтерді, итініп ағаш қасықты қолына алды.

    – Ау, әйел. Сенің быламығың-ақ таусылмайды екен. Мынаның ішінде ауыздың дәмін алар бір түйір ет жоқ қой.

    – Жоқ болса жерден қазамын ба.

    – Бар дейтін күнің жоқ қой сенің, жауалғыр. Көк ішек болып өлерміз осы. Ертеден қара кешке ашытпа іше берген кісі қауқиып азып кетеді екен.

    – Әйел-ау! – деп ауыз үй жақтан қайта шақырып алды.

    – Ана боз ешкінің лағын соялық, өлеміз бе етсіреп...

    –Ұрғашы лақты шалып қара көрінді ме көзіңе?! Тұқымы өссін, баламның бәсіресі.

    – Басқа лағы жоқ па өзінің?

    – Білмейтіндей-ау. Жалғыз ешкі жүз лақ табатын ба еді. Біреуін өкіметке етке өткіздің. Енді біреуін мырза атанам деп көкпаршыға бердің. Інген жақында туды, ботасын жарытпайды, сауып шайға қатып отырмыз.

    –Жауалғыр-ай... – деп орнынан қозғалды. Тер сіңіп, сауыстанып қалған қалпағын киіп тысқа беттеген. Тазысы да сүметіліп тұрып соңынан ерген. «Апырмай, мынау пақырдың қарны қабысып қалыпты-ау. Бұл бұралып жүріп қайтіп аңға жарайды? Арқар да әккі, көрінген қуып безер қылған» деп ойлады іштей.

    Тіпті қынжылып айтты.

    – Әйел-ау, мынаған жуынды құйсаңшы! Өздігіңнен істеу жоқ қой сенде. Обалын қайтесің, ең ауыры иттің обалы.

    Сөйтіп, Ақтөс тазыға көженің қалдығы құйылды.

    Салпаңқұлақ атқа ер түсті... бұл есімге осы жануар құнаншығар шағынан ие. Үйірге ілесіп, шіңкілдесіп жүргенде аязы азынауық ұшпа желге ұшыраған. Сол құлағын енесінің сауырына жасырған ба, әйтеуір аман қалыпты. Оң құлағын оңдырмай үсіткен. Ұшы салбырап өсті, келе-келе, әлгі құлақ төрт аяқты иесіне еш жылқыда жоқ Салпаңқұлақ деген есім жамаған. Қазақ жанама ат қоюға қашаннан шебер.

    Мақұлбек аң іздеп қайтуды ойлады.

    «Өстіп етсіреп жүргенде, Жылағаната шатқалында қаңғып қалған аңнан қағып қайтса ше?.. Содан, жылжымалап жаз келер, қойшылардан тышқан мұрнын қанатар бірдеме ауысар, күз түсер, соғымға да ілігіп қалар еді. Қыс түскенде көр Мақаңның дәуірін... Хош иісі мұрын жарған жылқының етіне сылқия тойып алып, езілген құрттың бір кесесін сіміріп салып тысқа шығар; ақтөсті ертіп аңға аттанады. Қырдан қылт еткен түлкіге тазы қосады... Иә-ә-ә, қыс күнінде қолды байлар қорық та жоқ. Ал қазір ше, қазір іс көп, жұмысбасты. Шалғын әлі піспей жатыр. Қорықтан сәл көз тайса болды – өзенді айнала тұтып жүрген сиыршы малын бау арасындағы шалғынға қаптатады да жібереді. Содан туталақайын шығарып жатқаны. Олармен айтысып та әбүйір таппайсың, өңшең қызылкөз даукес. Пәле бір.

    Осы оймен Мақұлбек атқа қонды. Қайрылып тұрып тілге келді.

    – Сая көрінбейді ғой?..

    – Қойшы қайнағамдікі кілем құрмақ, соның жібі жетпей, «қолы жеңіл ғой, кілемнің төсегін иірісіп жіберсін» деп баласын жіберген. Ертемен сонда кетті көмекке.

    – Сол қызды қайнағаңның кілемі құртар!..

    – Осы үйдің баласы қайда бұл?!

    – Мана балық аулай кеткен.

    – Борбайы шидиіп судан еш шықпайды. Одан да тайқарды мініп қорыққа барсын. Күн қайтқанша өзен бойына түскен малды қайтара тұрсын. Мен Жылағанатаға, аңға кеттім.

    Осылайша Мақұлбек қияға беттеп, аң аулай кетті. Өзі де сезеді, аң десе, саят десе дүниені ұмытатын осал мінезі бар. Белінің шойрылып қалғанына, өзегінің тартқанына, үй ішінің ас- қатықсыз отырғанына қарамай, жортақтап қырқаға тырмысып шығып, шүңейтке құлдилай құлап, жүрек майы аузына тығылып жүргені. Тақымы ашып, қас қарайып, әбден титықтағанда барып Салпаңқұлақтың тізгінін тартады. «Уһ» деп жан шақырады. Нақа бір үйір жылқы айдап қайтқандай қомпиып үйге қайтып келеді. Қанжығасынан тырақы арық қоянды шешіп алып әйелінің қолына атып жібереді; көлігінен шіреніп түседі.

    Сондағы кереметтей қызық саяты талай күндер көз алдына елестеп, есінен шықпай қояды, түсінде көреді. Талай рет шырт ұйқыдан: «Айтақ, айтақ! Ада, ада!» деп айқайлап оянады. Жолыққанға жыр етіп айтып есін шығарады.

    – Әлгіге Ақтөсті қосып жібердім. Салпаңқұлақ та құлағын жымып барын салды. Ол неме де талай құқайды көрген қу екен, бұлтылдап қашып, атты тіпті шаужайлатар емес. Ақтөс болса аузын арандай ашады, аждаһадай төнеді. Қоя қал енді. Тер бойымнан андыздап ақты, жан алқымға тақалды. Жылағанатаның адырына кіре бере тазының тұмсығы ілікті әйтеуір. Бір сілкіп өтті. Аунап түсіп, тағы жосып жөнелді. Шандозын қағып қапталдай бердім. Дырау қамшымен өріп өттім. Айызым мұндай қанбас. Уһ, жан-ай... Міне былай сілтедім!

    Желпініп жеті күн айтуға бар. кейде қасында әуезін тыңдайтын ешкім болмаса да ішінен күбірлеп, ыңырсып отырып оқиғаны көз алдына елестетеді. Арқасы қызып, домбыраны алып жіберіп қызық қисса секілді жырлап шыққысы бар. Атпен, тазымен, қақпанмен айыз қандыра саяттаған сәтін қалың кітап қып жазбақ та болды. Төрт кластық білімі жібермеді ме, әлде жазуға қолы жуыспай, ол ойынан тез айныды. Сонда да ойға алған ісінен тайқып көрмеген. Талай түн көз ілмей отырып, баласынан сұрап алған жалғыз дәптерге сықастыра жазып, аудандық газетке жіберген еді. Жауапсыз қалған. Көңіл жұбатар тілдей қағаз да келмеді.

    Қат-қабат оқиғаларға толы қызық өмір ғой бұл.

    Жылағанатаның шатқалына жеткенше Мақұлбекті осындай ой мазалап бітті. Салдырап, сақылдап Ақүйік өзені ағып жатыр. Тік қияға тырмысып келеді. Асудың басына қылт еткенде күллі ауыл, күллі Қоқаң қорығы лық етіп аяғының астына түсті.

    Адыры көп, қақпа қара тастар, құзар шың, қисық қысаң осында. Әр тасы, әр қыраты шежіре шертіп тас болып жусап жатқан бейнелер осы, ең қауіптісі, ең үрейлісі де осы Жылағаната... Түнемесіне... пенденің басына жазбасын. Кереметі мен пәлекеті аралас мекен. Кім білген...

    Әуелі қия жолға салып кеткен қос қақпанын қаруға бекінді. Бұйырса соған-ақ малданып қайтуға болар. Сыр бойындағы таныстары тазы жүгіртпей ақ қақпанмен қырғауыл, қоян ұстап күнелтіп жүр емес пе. Шіркіндердің пысығы-ай. Шешелері босана сап сирағынан ұстап тақыр жерге ұрып-ұрып алған ба дерсің.

    Қақпан салған жерге қиялап тақап келгенде Салпаңқұлақтан түсіп, жаяулап жүрді. Ақтөске «ақырын» деп сес көрсетіп қойды. Абайлап қарап еді, қақпан салған қияда бірдеме шоқиып отыр. Түлкі екен. Бұларды сезіп қалып жүні үрпиіп, атқып қаша беріп еді, темір қақпан «қайда барасың» дегендей қаңқ еткізіп борбайынан тартып қалды. Сауыры сарғыш, жоны сұрғылт, қаншық түлкі. Көктем кезі болғандықтан түбіті түсе бастапты. Анау айтқан жақсы тымық шықпаса да, кәдеге асады. Тері жиғыш Пайызға өткізіп, шай-қанттық оншақты теңге сом түсіруге болады.

    Бейшара хайуан құтыла алмасын сезіп, ырылдап, тістерін сақылдатып, айбат шеге бастады. Ақтөс шабайын деп еді, жіберген жоқ, бұл итің аң терісін тістеп бүлдіріп тастайды. Өзі жақындап кеп түйе жүн шекпенінің шалғайын хайуанға шап еткізіп тістете қойды. Сәтті пайдаланып оң қолындағы қамшы сабымен тұмсығынан тық еткізді. Түлкі сылқ етіп, қылжия кетті.

    Аяғымен тістеуікті қатты басып тұрып қақпанның жағын ашып, түлкінің аяғын ажыратып алды. Жіберіп қалғанда қақпан шарт етіп, шоршып түсті. Түлкінің құйрығынан көтеріп, сілкіп-сілкіп қанжығаға байлады. Енді кідірмей қыр асып, келесі қақпанға жетуге асықты.

    Атқа қонды.

    Сол шамаға тұстап келгенде көзіне ештеңе көрінбеді. Қайта қақпан салған жері көшкен үйдің жұртындай ұйпаланып, шаңытып қалған. Іші қылп етті. Анық арқардың ізі, қақпанға қапы түсіп, тоқпақты сүйретіп алып кеткен. Олай-бұлай жортақтап із кесті. Ақтөс тазы аласұрып тіміскіп жүр. Көздерін жерге магниттеп қойғандай елпектеп, сүйретпе тоқпақ салған ізден табан жазбай әуелі ит, сонан соң аттылы аңшы – қиядан асып жөнелді.

    Қалың жым шатқалға кіргенде барып Мақұлбек еңсесін көтерді. Көзі бұлдырап маңайына ожырая қарады.

    Тас төбеде Жылағанатаның шыңы қонжия қалған. Бұдыры көп қож- қож, егеудей қырланған жақпар тастар күн нұры тимегендей салқын, сұрғылт. Аяқ асты қия тік, сонау төменде жылтырап қана жарты езу бұлақ жылымдап ағып жатыр. Әлгі арқар қас қылғандай теріс қашқан. «Жүрек лобылытар қияға тыртысқанша – ойпаңға тартса ғой тазыға шалдырмай кетер еді. Әй, есі жоқ хайуан деген. Дәу де болса бір қысаңда көзің мөлиіп қамалып тұрсың-ау. Бұйырайын десе өстеді», – деп, Мақұлбек ішінен қуана ойлап қойды.

    Әрі қарай атпен жүруге болмайтын еді.

    Қия құз барған сайын тарылып, арқар ізі болмашылана берді. Тұяқ тық етіп тасқа тисе, саңқ етіп жаңғырық шығады. Мақұлбек аттан түсті, ердің басындағы салбырап тұрған мылтығын алды. Салпаңқұлаққа шылбырдан шідер салды.

    Енді аяғындағы керзі етігі қара тасты тырс-тырс басып бұқпантайлап жөнеле берді. Тұмсықтастан әлдене қылт еткенде жата қалды, арқасындағы көне мылтықты жұлып алып, абайлап қана көздеп көріп еді, «ит-ай» өзінің Ақтөсі... атып ала жаздағанын қарашы. Жерге бір түкіріп еңсесін көтерді, насыбай атқысы кеп кетті. Шоқиып отырып шөкім насыбайды астыңғы ернінің қуысына тастап жіберді, аздап жүрегінің дүрсілін басып, ойын жинап алмақ болды. «Қақпандағы аң ешқайда кетпейді. Қайта тез ұстап алғаннан көрі, ұзатып саяттағаны жөн».

    Сонау бір көз ұшында бұлдырап қана қалып кеткен балалық шағы еске түсті. Онда қозы бағып, осы маңға талай келгені бар. Ол кездегі аяқ астындағы ана бұлақтың суы бұрқырап жататын. Кәусарынан қанып ішіп, шалжайып жата кетіп, төбесіне қарайтын. Жылаған атаның шыңынан көз алмай...

    ...Аңыз болып кеткен сол бір жанды елестетуші еді.

    Аңыз төмендегіше.

    Кәдімгі өзіміздің Түркістанда көп көретін кәрияларға ұқсас қара шал елестейтін көзіне. Ақ шапанды, ақ сақалды, сәлделі. Замананың сан құқайынан қайыспай өткен тік тұлғасы, өткір жанары күндердің күнінде тозуға айналыпты-мыс. Кәрілік те кешкі ұрыдай бұқпантайлап келіп қалған. Жеті арыс елді неше жылдар жөнге алып, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп, би болып қара қылды қақ жара бәтуа айтыпты. Ел-жұрт құлақ қақпай, айтқан сөзіне тұратын. Алдына келген кісі әділет табады екен. «Пәлен жерде төленнің қалыңдығын алып қашып кетіпті. Мына төменде жұт болыпты», – десе осы шалға ат шаптыратын. «Алдына әкеп, үкімін тыңда, бір тоқтаса соның ғана сөзіне тұрар», – деуші еді.

    Иә, заман өзгермей қалған ба. Бір күндері қара шалға да тағдыр салмағын салған көрінеді.

    Жалғыз ұлы, құдайдан сұрап, тілеп алған ұлы, әкесіне алакөздене бастайды. Аузындағы май, басындағы бақ аздық еткендей еді. Жақсы атаның даңқы жаман ұлды он жыл асырар деген нақылды ұмытқан бәтшағар әкесі – қара шалды ептеп... көзін жоғалтып... ендігі даугер өзі болмақ. «Ендігілер балгер шалды емес, бақыл ұлды тыңдасын. Жеті арыс елдің жылаған баласы атын естіп алақтамаса – бүйтіп бақ қуғаны құрысын ә. Әйтеуір, біреу азғырды ма, жоқ онсыз да азғалы тұрған жан ба... жеті түннің ішінде Қара шалды о дүниеге аттандырмақ болады. Тоқсанға тақаған қарт адамда не қауқар.

    Ай батқан сәтте шалдың отауына келіні келіп кіреді. Атасын оятып алып айтқан сөзі:

    – Басыңызға күн туды, ата. Жөнеліңіз, құтылыңыз. Қара ниет ұлыңыз қол жұмсамақ.

    Қара шал бұл сөзді естігенде қара тас боп қатып қалған дейді. «Осы жасқа келгенде ақыреттен қашып қайда барам», – деп бір отырған.

    Қайта бір ойланғанда қозғалақтап, мүлде қарайып кетіпті дейді.

    «Ақымақтың қолынан өлсем: оны жұрт тірідей құмға көмбей ме! Қашып кетсем, жұрт жаманатты «алжыған» деп маған жабар. Тұқымым ғой, сол-ақ несібе терсін, дегені болсын... бәтшағар-ай», – деп тәубаға келіп, шапанын киіп, таяғын ұстап, Қаратау ішіне сіңіп кеткен көрінеді.

    Жан баспаған Қаратаудың шатқалына келіп, құзар шыңның бір қуысына тығылып, қалған ғұмырын жалғыздықпен өткізген. Сонау бір кішкене қуыс, құзардағы қиын үңгір сол шалдың мекені деседі. Қара шал содан Жылағаната аталады. Сонда жатып, жұртты жарастыру, ел басқару, нәпсіні жеңу туралы даналық кітап жазған көрінеді. Ақтық тынысына дейін жаза берген...

    Осы аңызды естіген жұрт Жылағаната шыңына үздіксіз жосып мінажат ететінді шығарды. Дүниеден пұшайман болып жапа шеккен мүсәпірлер, басына іс түскен ерлер, құрсақ көтермеген арулар осында келіп бас қояды екен. Көп жұрт аңызда айтылған қасиетті кітапты іздейді-міс.

    Сол шыңнан, сол бір қуыстан әр мезгілде сылдырап кеп су төгіледі. Шыңның астында тұрған адам айқын сезеді. Салқын судың тамшылары төбеңе тырс-тырс тамады. Бұл да Жылағанатаның көз жасы деседі. Қозы бағып жүріп талай рет жүгіріп барып, шыңның астына тұра қап, қасиетті көз жасқа шомылғаны бар...

    Мақұлбек саңқ еткен дыбыстан селт етіп еңсесін көтеріп алды. Отырған жерінен атып тұрды. Басында бөрі шулап, әуелі ештемені ұға алмаған. Әлгі дыбыс тағы қайталанды. Анық ақтөстің даусы, таныған еді. Қақпанды алып кеткен арқарды тауып, ала алмай тұрғанын сезе қойды.

    Жылдамдата жүгірді. Жүгірмейін десе, қақпа тастар аяғын қағып, дедектетіп барады. Тұла бойы қызынып, ырсылдап, ықылық атып әлі келеді. Дүниенің бәрін ұмытты, аңсары ауып, әрбір дыбыс тазы даусы болып естіледі, әрбір тас көзіне арқар боп көрінеді. Жүрегін басып тоқтайын деп байқап еді, болмады, тау екпіні итермелеп әкете берді. Кезіккен қияға қайта өрмеледі. Жақпар тасқа табанын тіреп тырмысты келіп.

    Көзіне бұлдырап сағым, сонан соң зеңгір аспан... сонан соң... төбе құйқасы шымырлап, тізесі дірілдеп кетті. Құзар шыңның басына іліккен екен. Дәл аяғының астында, құздың құлай берісінде, кертік таста арқар мен Ақтөс арбасып тұр. Екеуі де кісі әрең тұратын текпішек тасқа тығылған. Селт етсе аяғы тайып, құзға құлауы хақ.

    Бұл қауіпті тазы да, хайуан да анық сезген. Тырп етпей бірін-бірі көзеп, аңдысып тұр. Дәл осылай сіңірі созылып қаншаға тұрары белгісіз.

    Анықтап қарап еді, қақпан арқардың алдыңғы сол аяғына түскен, бірақ ол жаралы сирағын тасқа басып тұр, мұндайды бұрын көрмеген; аң еш уақытта сынған аяғын сүйеніш етпейтін, көзі жыпылықтап кетті. Артқы санына оқ тиген, тыртығы ескі, шор боп, қысқарып біткен. Осы өткен күзде ауданнан үдеріп келген аңшылардың қолтаңбасы болған. Өзі биылдыққа арқар атқан емес. Жаны құлазыды; бұл пақыр Қаратаудың күнгей бетінде қалған ең соңғы арқар екенін және сезді. Атпасқа амалы қалмады.

    Мылтығын алып абайлап көздеп көріп еді, жаңағыдан бетер жаман састы. Оқ арқарға тиген күнде тазы қоса кеткелі тұр. Мылтық даусынан тау қатты жаңғырығып сілкініп қалады. Құлаған арқардың денесі тазыны ысырып, домалатып әкетері анық. Самайынан тер сорғалап ақты. Айласын іздеп дал болды. әрі-беріден соң «арқары құрысын» дегенге келді. Қосақабат есіл тазыны қалай опат етсін!

    Жақпар тастан ақырын сырғанап түсті. Аяғын текпішекке қойып, қол ұсынымдай тағы жылжыды. Сәл төмендегені болмаса, бұл да далбаса, септігі неғайбіл. Тәуекел деп тағы жылжыды. Аяғын тіреді. Төмен қараса... жүрегі зу ете түсті. Арғы жағы көрінбейтін тұңғиық. Тағы тырмысып қарап еді, оң қолтықта, дәл тазы мен арқарға тұспа-тұс келетін бетте кішкене алаңқай көрінді. Қуанып кетті... өзі де жарық дүниеден аттанып кетем бе деп құлази бастаған.

    Әзер деп сол текпішек алаңқайдың төбесіне жетті. Аяқ тірер жер көрінбейді. Жалғыз-ақ амал, сол алаңқайға секіріп түсу; сәл артығырақ ышқынса – жақпар жиегінен асып, домалап құзға түсіп кетуі кәдік. Екпіні сәл бәсең шықса – жолдағы мүйіз тастар қақпақыл ғып текпішектен алыстатып әкетері анық. Жаны алқымға тақалып, боршасы шығып терлеп, тәуекел етіп ырғып кетті.

    Алаңшаның езуіне түсті. Тырмысып тастан ұстап, сырғымай қалды. Қуысқа ентелей жайғасып, уһ деп, тыныстап отырды. Құлағының шыңылы басылып, жүрегі орнына түсейін деді. Абайлап айналасына қарады... Жаратқан-ау, мынау Жылағанатаның үңгірі ғой. Кәдімгі ернеуі тегіс, ішіне бірден тартып әкететін оппа үңгір. Бір езуінде толған шөпшек, қураған қаңқа, қыран ұя сап тастапты.

    Ел тегін айтпайды. Қыранмен тіл тауып, соның әкелген шөпшегін жағып жылынып жатады деуші еді. Тіпті дана шалды сол қыран асыраған көрінеді. Әйтпесе, осы құзар шыңның қолға ілігер, қорек қылар түгі жоқ, қайтіп күнелтпек. Үңгірдің сол езуі толы сүйек-саяқ; тықырлап мүжілген, тіпті кей сүйек кісі қолымен жонылғаны көрініп тұр. Сүйірленген, ортасы тесілген қилы ойыншыққа келеді. Күллісі сондай көне, қол тисе үгіліп, қаудырап төгіледі.

    «Мұндайда аңы құрысын. Арағырақ кіре түссе қайтер еді. Әуелі тәубе ғып... әулиелі жер ғой жарықтық...» Тас біткен қолмен қашалғандай жылтыр, жылмағай. Бетіне жазу ма, бұдыр ма, ирек бедерлер түсіпті. Мақұлбек арабша қаріпті танымайтын, айыра алмады. Тікшиіп тұрған таутеке іспетті, жылжып бара жатқан жылан іспетті белгілер мол. Іргеге қарады, сарғайған тозаң, ыс сіңген тастан өзге ештеңе шалынбады, дәл тізесінің астындағы тас жарық, жарықтан әлдебір дыбыс күңгірлеп шығады.

    Құлағын тосты. Сылдырлап су ағып жатыр. Осы шың басына, қыран болмаса кісі аяғы әзер басатын бұл құзарға қалай су шығатынын ойлап-ойлап басы қатты, жағасын ұстады. Тас жарығын кеңейтіп көрмек болды. Белдігіне байлаған қыннан мүйіз сапты сары пышағын суырып алды. Тағаты кетіп үлкен пышақты жарыққа сұқты. Сағасына дейін бойлатып, ырғап жіберіп еді, болат пышақ морт сынды. Жүзі сыңғыр етіп тас жарығына түсіп кетті.

    – Алда, жауалғыр-ай!.. – деп, іші күйіп бармағын тістеді. Етпеттей қалып, тасты тықырлатты. Еңбектеп, арағырақ жүре түсті. Бұл жағы жатаған, бірақ кең қолтық көрінді. Тұла бойы дір етіп мұздап қоя бергені.

    Адам сүйегі ме, әлде кісінің өзі ме, созылып әлдене жатыр. Сарғайып кеткен, үңіліп қарап еді, тас тәрізді. Төрт бұрышты, иә, ұстап көрсе боркемік боп үгіліп барады. «Е-е-е, бұл әлгі көктас дегені болып шықты. Үңгір ішіне қалай әкелген. Әлгі жазған кітабы тап осының астында жатпасын»... ақырындап аударып көрмек, бірақ етпеттеп жатқан кісіге тас көтерілер болмады. Итініп арғы жағына қарады, «үңгір таусылған екен. Не болса-дағы күллі керемет көктастың астында».

    «Манағы пышақтың сынып қалғаны-ай. Кереметін көрер еді, бұйырмады, болмады».

    Жербауырлап жата қалып тастың астын қолымен үңгіді. Саусақтары күлдіреп шыға келді. Оған да қарамай үңги берер еді, бір сәтте үңгір іші күңгірттеніп кетті. Жаман шошынды, кейін тайқыды. Кей жерде басын тасқа соғып, кей жерде тізесін ұрып алып, мылжасы шығып үңгір аузына жетті-ау. Қос қолымен жер тіреп, ентігін баса алмай, солықтап тұр. Көзінде үрей... түсініксіз, тілсіз үрей...

    Көктемнің күні лезде шыңнан асып жоғалыпты. Маңайды қараңғылық қаусырып келеді. Қайдан екені белгісіз – шыңды әлдебір қара бұлт бауырына басып алған. Қорғасындай зіл салмағын салып, кеудені қысады кеп. Ауа салқын, өкпені тесер ызғырық соғады. Тау іші, жақпар тастар гуілдеп, азынап кетті.

    Есіне манағы аңдысып қалған тазысы мен арқар түсті. Сол жаққа сүзіліп кеп қарап еді, ештеме көрінбеді. Екі араны бұлт басып түк көрсетпей жіберген. Жанары жасаурап ұзақ отырып, телміріп кеп үңілді. Бекер үміттенген еді. Бұлт барған сайын қоюлап көзді байлап тастады. Қамаудан шығып кете алмасын Мақұлбек енді сезген. Қай жерден өтуге болады, қай жерге аяқ тіремек, бәрі беймәлім. Амалсыз жан сақтап, осы бір үрейлі үңгірде, ғасырлар бойы жан баспаған мекенде күн шығуын күтіп қала берді.

    Бүрсеңдеп, сипалап жүріп, мана үңгірге кірер кезде қалдырып кеткен мылтығын тауып алды. Оңтайлап ұстап, арқасын тасқа сүйеп, қадалып отырды.

    Таңертеңгі кеспе көжені, қатты айтса да мұның сөзін көтере беретін әйелін ойлады, жұмсаған жерге томпаңдап жүгіре жөнелетін қара баласын ойлады. Неқилы ауырлықты қолдасып көтерген замандасы, қисық мінез, бірақ барынша адал, кісі – Доскейді есіне алды. Қоқанның қорығын еске алды. «Балалық қып ойнап кетіп жүрмесе игі еді», – деп отыр. Неше жыл тіс тигізбей қорып, ұжымға мая-мая шөп үйіп беріп отырған қорығына мал түссе не болмақ, басшылар не демек. Ферма меңгерушісі бастыққа дәкләдни жазып берер. Әттеген-ай, мана әйелге өзің бар деуім екен ғой... Енді міне отының басында емес, не қорықта емес, қапас үңгірге қамалып отырғаны. «Осы аңшылық кәсіп түбіме жетпесе игі еді» деп ойлады. Түнгі салқыннан ығып мөлиіп, таң атқанша міз бақпай отыра берер ме еді.

    Әлдене тасыр еткендей болды. Құлағын түре қойды. Ештеме естілмейтін секілді. Қымтана түсіп, жайғасып отыра бергені сол еді, әлгі дыбыс тағы қайталанды.

    Енді үздік-создық емес, бірқалыпты, тасты басып тасырлатып біреу келе жатыр. дәл сол тұстан, қия сүрлеу тұстан. Құлағы шуылдап, денесі мұздап жөнелді. Көзге түртсе көрмейтін тас қараңғы. Қанша үңілсе де, ештеме байқалмайды. Дыбыс басылған жоқ. Тура бет қойып өзі отырған үңгірге келе жатыр.

    Тастың салдыраған дыбысы барған сайын айқындала түсті. Бұл оның жақындап келіп қалғаны еді. Мақұлбек мылтықты кезей ұстап, атқып түрегелді.

    – Кімсің әй?!

    Дауысы тарғыл шықты. Шатқалы көп тау жықпылы мұның әр дыбысын өзінше өзгертіп, құбылтып жаңғыртып алып кетті. Дыбыс басылғандай болып еді, тағы естілді, ап-анық, тұстап, туралап әлгі неме үңгірге келе жатыр.

    – Әй, кімсің?! Атамын, тоқта–а–а!

    Мақұлбек оның тоқтағанын да, жауап қатқанын да күткен жоқ, көне мылтықтың суық шүріппесін басып қалды. Әлгі тым тақап қалғандай еді, мылтық даусынан тау іші дүр сілкініп, күрсініп алды да жым-жырт болды...

    Содан арғысын Мақұлбек еміс-еміс қана біледі.

    Білгенде не, өзінің қатты жаурап тоңғаны, шығыстан таң бозы селбелеп қана сезілгені есінде. Таң ата тауды бүркеген бұлт сейілді. Маңай бозғылданып, шыңдар қайтадан бел жазып тұрып келе жатты. Бірақ кешегі жақпар тастың кетігінде аңдысып тұрған тазысы да, Қаратаудың ең соңғы арқары да көзге шалынбады.

    Оларды іздеп Мақұлбектің әуре болғысы келмеді. Орнынан ілбіп тұрып, көне мылтығын иығына асып, шығатын жол іздеді. Түстік бетте, түнде салдыр шыққан жақта, көзге әзер ілінетін сүрлеу бар екен. Соған түсіп бес-алты қадам басып еді, тағы тұйыққа тірелді. Алды құлап түскен құз екен! Дәл төбесінен аяқ ілігетін текпішек табылды. Алақанына түкіре салып соған жармасты.

    Қолы іліккен тастан қатып ұстады. Енді бір ышқынғанда кеудесін тіреген сандық тастың төбесіне шықты. Арғы жағы жеңіл болды. Үш-төрт тырмысып барып жайпуат жерге ілікті. Бұл Жылағанатаның қыр арқасы еді. Гулеген жел қалпағын жұлып әкете жаздады.

    Ақырындап жүріп отырып, асудан асып, атына келді. Жануар иесін көргенде қатты оқыранып кісінеп жіберді. Жүні үрпиіп, түнгі суықтан жаурап, ашығып қалған екен. Шідерін шешіп иығындағы мылтығын ердің басына ілді, қанжығадағы түлкі босап, иісі шығайын депті, шешіп ап аулаққа лақтырып жіберді, атқа қонды. Шоқытып, аяңдап отырып, қия жолға түсті.

    Сонда барып қатты бір жөткірініп қомпиып көтеріліп қойды. Атын бұрып, артына, Жылағанатаның шыңына қарады, ұзақ қарады...

    Жат елге аттанып бара жатқан жас қалыңдық туған жеріне осылайша қараушы еді. Аңшы көзінде қою мұң мен қоштасу тұрды.

    Дәл осы мезетте Мақұлбек не ойлады, көкірегінде нендей сыр жатты онысы бізге беймәлім.

    Ақүйік өзенін кешіп өтіп ауылға келгенде Мақұлбекті әуелі әйелі қарсы алды. Есік алдында қарайып жолын күтіп тұрған. Түнімен ұйқы көрмеген көзі қызарып кетіпті. Жаулығының ұшымен жанарын сүртіп, ұшып келіп, тізгінін ұстады. Қолтығынан алып аттан түсірді. Осы сәтте күйеуінің жүзіне анықтап қараған келіншек шошып кетті.

    – Байғұс-ау, не болғансың?! Не көрінді саған, – деп дауыстап жіберді.

    Бұл дүңк ете қалды.

    – Тәйт әрі түге!

    – Жазған-ау, самайың ағарып кетіпті ғой!

    Мақұбектің денесі ду ете қалды.

    Сасқанынан самайын сипалап, қалпағын қағып қайта киіп, әйеліне кейиін деп тұрды-дағы, үнсіз қалды. Үйіне қарай аяңдады. Әйелі батылсыз соңынан ерді. Мақұлбек табалдырықтан аттай бере кері бұрылды.

    – Атқа жоңышқа сал!

    Әйелі бұрылып, оқыранып қалған Салпаңқұлаққа кетті. Ерінің қайтсем көңілінен шығам деп жаны қалмай жалпақтап жүргені.

    Үйдің іші әлі жиылмапты.

    Пештің түбінде, өзінің орнында қара баласы қалың кітапты өңгеріп оқып отыр. Ықыласы кеткені соншама, кіріп келген әкесін байқамай қалды. Әкесі дәл жанына дүңк еткізіп қамшысы мен қалпағын тастай салғанда бала басын көтерді. Орнынан ұшып тұрып төменге таман ығысты.

    Әкесі еркелетіп, бұл еркелеп көрген бала емес еді.

    – Оқымысты боларсың, жаманғатты. Тұр былай! – Қорық аман ба? – деді әкесі отырып жатып.

    Қара бала қипақтап күмілжи берді.

    – Мал түсіргенсің ғой шамасы. Ай, жауалғыр-ай, көзің тайса өстеді енді. Қайда жүрдің қаңғып?

    – Басында болдым, көке. Жаман тайқар жүрмей... бір жағын қайтарсам, екінші жағы жабылды келіп. Өңшең аш өгізше. Бір тоғайға ғана түсті, қалғаны аман...

    Әкесі күйіп кетті.

    –Ой, аманы бар болсын, жауалғыр. Алтындай қорыған қорықты жегізіп тыныпсың. Енді не деп ақталып тұрсың? Тұра қал, сазайыңды беріп, мектепке жібермей қоярмын осы!

    Кішкентай Сауранбайдың құлағы шуылдап тұрды. Сабағаннан да жаман жаза болды бұл. «Мектепке бармайсың» деген сөз оған мірдің оғындай тиеді. Қандай жаза болса да көтерер еді, көнер еді. Бірақ мектепке бармай, қатарынан қалып, қиянда ішқұса боп жүруден асқан қиямет жоқ. Бала дүниенің рақаты оқуда деп түсінеді... партаға шалқиып отырып алып, мұғалімді тыңдай бересің... аракідік қалғып алуға болады, ешкім кедергі жасамайды; жаман тайқар туралы, аңдысқан өгізшелер туралы құлақты жеп өсиет, нақыл айтатын әкеден құтылады. Мектеп десе ішкен асын жерге қояр. Аяз би, Робинзон Крузо, капитан Грант – әкесі де, шешесі де түсіне бермейтін қиял құрты ғой. Өстіп жүріп жетінші класты бітірер бұл.

    – Кімнің өгізшелері ол? – деп жеки сұрады әкесі.

    – Жаманеркектікі, көке.

    –Жауалғыр, көрсетейін мен оған. Бақса дұрыстап бақсын. Әйтпесе малды айдап салып қатынының қасында шалжиып жатқанды қойсын. Ұялмай-қызармай өкіметтің ақшасын алады. Үйінен бір шыққан емес. Қайтіп бұлар адам болады-ей, жастайынан заразап, аққаптал...

    – Көке, Ақтөс қайда?

    – Жылағанатада құздан құлады...

    Бар болғаны осы.

    Бүгін түн бойы көзі ілінбей шықты. Мазасыз ойлар жанын жегідей жеп қойды. Енді міне, тағы да сол кеспе көже келді алдына. Әйеліне ала көзімен қарап қойып, ағаш қасықпен көжені олай-бұлай араластырды кеп. Сораптап отырып соны ішті. Жақтырмай ішсе де, кеспе көже маңдайын жіпсітіп, көңілін жібітті. Дастарқанды қайырып тастады да белін тұсаумен буып тысқа шықты.

    Сауранбай Салпаңқұлақты ерттеп мініп мектепке кеткелі жатыр екен, кідіртті, «оқымысты» немені сауырға ығыстырып, өзге ерге қонды, кеше ашу үстінде айтқан жазасын ұмытып үлгерген. Орта жолда Жаманеркектің жер-жебіріне жетіп жекімек еді, орнын сипады, басшыларға Мақұлбектің үстінен шағым айтам деп аттанып кетіпті.

    2

    Талма түс. Қыр басында қалқиған көнетоз үй – алыстан қараған көзге қалпағын алып, қол бұлғап жиынға шақырған кәрия тәрізді, сағыммен бұлдырап қана көрінеді. Қалпақ секілдісі – үй төбесіндегі оңған шатырға бекіткен қызыл ту. Бұл осы ұжымшардың үшінші фермасының кеңсесі; Ақүйік өзенінің алқымын жайлаған малшы жұрттың тізгінін ұстаған қара шаңырағы. Ойдан-қырдан кісілер жинала бастады. Су сеуіп салқындатқан бөлменің нақ төрінде астындағы орындықты зар қақсатып, шалқайып шылым шегіп ферма меңгерушісі Мүлкаман отырған. Оң қанаттағы есепші Нағанайдың шот қағып, қағаз қобыратқаны қашан; бас көтеріп, маңына зер салар емес. Есіктің дәл шыға берісіндегі жалаңаш ұзынша орындыққа сиыршы Жаманеркек жайғасқан. Сыртқа жалтақ-жалтақ қарайды. Жанарында қорқыныш: «Әлгі мінезі жаман» қорықшы Мақұлбек үстіне кіріп, «жаңа ғана басшыларға айтқан арызымның өтірігін шығарып, абыройымды айрандай төгіп жүре ме» деп қатты уәйім шегеді. Мойны ауырды.

    Доскей жылқышының даусы естілді, кеңсе артына кеп атын қаңтарып жатқаны. Көлеңкелеп отырған бірер малшы жігіт жамырай тұрып, тапырласып қол берісті. Қауқылдасып хал сұрасты.

    Доскейдің даусы:

    – Қашаған күрең сәурікті көрдіңдер ме?

    Олар білмейтіндіктерін айтты.

    Доскейдің даусы:

    –Үйірден айғыр қуып жіберіпті. Жылқының қанын алған да пәле болды. Күні бойы ыстық қорада қамауда тұрған жылқының қанын сорғыштай бергесін мал оңбайды екен. Не семіз байталдар іш тастап кетті. Құлын біткен өрістен қалып барады. Жағдайды айтқалы келіп ем...

    Іштегілер анық естіді. Мүлкаман жарты езулей жымияды, Нағанай басын шайқаған, Жаманеркек тысқа жалтақтай қарады.

    Тыстағылар кеңсеге тізіле еніп, бытырай жайғасты, ешкім бұлай болар деп ойламаған... Доскей ферма меңгерушісіне жағдайын айтқан, малшының бірі есепшіден атам заманғы аласы ақысын даулап шаңқылдасып кетті, келесі қойшы Жаманеркектің Түркстанға қашан базаршылап баратынын сұрады... әп-сәтте аядай бөлме іші құлақ тұнар гуілге толды. Дабыра осындайда туады. Доскей айтып жатқан арызынан жаңылды, әңгімесін үзіп, «тосып сөйлеу жоқ қой бұларда» деп іштей ренжіп, маңдайына алара қарады.

    Сырттан тағы бір топ кірді. Жаманеркек жым басылды, келгендердің ішінде Мақұлбек бар-тұғын, түтігіп кетіпті, қалпағын қолына алып алақанына сап қағып-қағып қояды. Бозамық шаң кілкіді, есепшот тырсылы тоқтаған.

    Мүлкаман орнынан көтерілді, ерте көктемде ін аузына шығып маңына сұқтана көз тігетін саршұнақ болатын, мына кейпі сол мұндар мақұлықты елестетті.

    – Мәжілісті бастай-мы-е-з!

    Нағанайға қарады.

    – Ойпырмай, қараңғы қазақпен дауласып қайтесің? Мың мәртебе айтсаң да мысқал ұқпайды. Одан да айтылған әңгімені қағазға түсір.

    Қатты жөткірініп алып бажайлап жөнелді.

    «Әуелгі әңгіме; Мақұлбек Құланшыбайұлының еңбек тәртібі жөнінде. Баршаңызға белгілі, Мақұлбек Ұлы Отан соғысының ардагері, қадірменді ағамыз, пәлен жылдан бері Қаратау бойының бетке тұтары, Қоқаң қорығының қорықшысы болып істеп келеді. Тер төгіп, кетпен шапты, қорық құлпырды. «Әйтесе де соңғы кезде бұл кісі жүктелген сенімге жүрдім– бардым қарайтын болып жүр, басшыларды жүре тыңдайды, қоғам ісіне жанашырлық көрсете алмай келеді... себеп?! (Соңғы сауалды қос қолын көтере биік үнмен тағы қайталады. Отырғандардың ішінен әлдекім тамсанды). Себеп жалғыз– ақ деп ойлаймын. Бұл кісі атам заманғы аңшылықты кәсіп қылады, тазы жүгірте ма-ау, қақпан салама-ау, әйтеуір, күллі тіршілігі сол аңның соңында, аң қума демейміз, жұмыстан бос мезгілде... етреңгілік... кешкілік дегендей... Бұл болмайды... бар дүниені тарса естен шығарып саятшылайтын эскимос емеспіз ғой. (Әлдекім таңдай қақты). Қоғамды алға қозғайтын жұмысшы, шаруа адамымыз. «Жұмысшы қозғаушы күш» деген Маркс ақсақал. Олар қоғам жұмысына атүсті қарайтын, басы ауған жағына жүре беретін адамды орталарынан аластап отырады.

    «Факт. Бұл кісі кеше арқар қуып, тауға өрмелеп, рақатқа батып жүргенде қорыққа қара мал қаптаған... Шалғын шөп ысырап болған.. тып– типыл еткен.. құрытқан..

    «Бір бау шөптің сары майдай қат кезінде қорықты аяқасты қып малға жегізген үшін жақсы ағамыз Мақаңды... ә-ә-ә.. қорықшылықтан босатсам деймін».

    Сөзінің аяғын жұтып тынды, көзінде «қалай қарайсыздар» деген екі-ұшты сауал, самайынан жылтыраған терін сүртіп, орнына жайғасты. Жұрт сілтідей тұна қалды, көбінің көкейінде: «мына бала қалай-қалай шабады» деген үрей. Үрейленбей қайтсін... «Қаратаудың білдей бір бетке ұстар азаматының тағдырымен оп-оңай ойнап отыр, аузы қисаймастан бұйығы ауылға пәле шақырып отыр, ағайын арасын алаламақ па».

    Мүлкаман бүлк етер емес, есіктің ішкі маңдайшасына ұя салып, балапан өсіріп шиқылдап жүрген қос қарлығашқа қарады, дәл иегінің астынан күс алақан көтерілген, бас изеп: «сөйлеңіз» деп пұрсат берді.

    Қойшы: «Мақаң аңға шығарда қорықты баласына, не қатынына тапсырып кететін. Бұл жолы да солай болар. Өне бойы қорыққа мал түсіріп жүрсе бір сәрі, өгізшелер жалғыз мәртебе жайылған секілді. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Осы отырғандардың ішінде судан таза, сүттен ақ, тірлігі мінсіз кісі тағы жоқ. Несіне түймедей нәрсені түйедей етеміз. Ағайыншылықты ұмытпайық та».

    – Сөйлеңіз, – деді Мүлкаман оң бұрыштан көтерілген қалпаққа қарап.

    Екінші малшы:«Мәселеңки қорыққа түскен мал кімдікі? Әгәрки әділіне келер болсақ, жазаның ауыры мал иесінікі. Мәселеңки менің қарауымдағы бір атан түйе құрттап өлсе, әуелгі кінәні өзім көтерер ем, сосынғысы мал тоқтырдікі, сөйтіп кете береді. Әгәрки әйтеуір жазалау керек болса мал иесін жазғырған жөн».

    Мүлкаман тіксініп тыңдады.

    – Сөйлеңіз, – деді Мүлкаман, жымиып есік жақтағыға.

    Жаманеркек:«Мал менікі, һәм ұжымдікі, өкіметтің малы. Мен қарауымдағы малдың күйлі болуына, жоғалып кетпеуіне, өліп қалмауына жауаптымын. Абайсыздан қорыққа түсіп кеткен екен, қорықшы бар, бетін қайтара салсын. Онсыз да басшылардан мініс сұрап еңірегенім қашан. Өз атымның аяғынан жем түскен, сиыр қууға жарамайды... Мақаңның аңқұмар екені рас... Былтыр қорыққа көрші ұжымшардың қойы түсіп жайылғанын көргем. Сонда да аңға шығып кетіпті, ағайындық қарызым ғой деп, өзім қорықтан қойды сүзіп айдап шыққанмын. Өтірік болса айтсын, көзі тұр. Құдайға шүкір, ұжымшар мініс бермесе де жалғыз атыммен жайып өгізшілерді семірттім. Енді етке өткізем. Көре қалыңыздар, әр өгізшеге жүз елу килограммды алқымдайды. Бұл болса сіңірген еңбегім, ұжымшар абыройы, сіздердің абыройларыңыз».

    – Дұрыс айтады, – деп, Мүлкаман желпініп нұрланып қалды.

    – Сөйлеңіз,– деді езуіндегі күлкісін жия қойып.

    Доскей:«Қазақ – жақында қатын алғанның алдында тұрма, жақында мал біткеннің алдында тұрма, – дейді. Бақсақ осы сөз көбіміздің қыбымызға тиеді. Жастар, сендерге бағышталған. Жиылыстың айтар сөзі, мәслихаттасар ойы бұл болмауға тиіс еді. Мейлі, мәселе деп даурыға қалыпсыңдар, талдаңдар, талқылаңдар, жыр қып айтыңдар. Аңшылық ата кәсіп, алланың пендесіне берген бейкүнә қаракеті, баршамыздың бабамыз аңмен күнелеткен, аңнан мал өсірген. Мақұлбек сендердей таңқылдатып мылтық атып аңды тауысқан жоқ, зәуіде тазы жүгіртеді, қақпан құрады. Ол өзінің ермегі. Біле білсек, Мақұлбек елдің, жердің азаматы, қорықшы болғанына аттай жиырма үш жыл болыпты. Жиырма үш жылда жарым ауыз жаманат сөз естіп отырғаны бүгін болар. Соғыстан соңғы жұрт көңіліндегі сірескен тоңды, сыңар аяқ жоқшылықты осы Мақұлбек сынды бірер кісі ғана жеңген. Ол кезде көбің қарпып жер қара талқанға мәз бала болатынсыңдар. Өздері аш жүрсе де қолдарыңды қаққан жоқ».

    «Әлі есімде. Нағанай, сенің жесір шешең құмнан жау-жұмыр теріп, шала қайнатып жеп, уланып қалғанда ауданнан дәрігер әкелген осы Мақұлбек еді; ауызы аққа тиісін деп жалғыз сиырын сендерге сауынға берген де осы Мақұлбек еді. Сол істеген жақсылығының бірін бетіңе келіп айтты ма, жоқ».

    «Мақұлбек кісіге залалымен емес, адал ісімен қарыздар болды, жұртқа жақсылық істеу парызым деп түсінетін жан. Жә, көп айтқанда, аз айтқанда, Мүлкаман, сендердің бұл істерің бақай есеп бақылдықтан туып отырған жай бірдеме. Әлгі айтқан сөздеріңмен жақсы адамның көңіліне айықпас жара саласыңдар. Қазір басшылар не істеймін десе де өздері біледі, пәлен деуге қараның хақы жоқ. Әйтеуір осы айтқаным көкейлеріңі жетсе жарағаны».

    Толқып кетті ме, әрі қарай сөйлей алмады, қамшысын екі бүктеп, орындыққа отыра кетті.

    Жұрттың бәрі жіліктің майындай дәмді сөзге ұйып үнсіз қалды. Мүлкаман тырнағымен алдындағы жалғыз бет қағазды сызғылап отырған. Нағанай іші ауырған жандай жағдайсыз күйге түскен, қозғалақтай береді. Малшылар жағы қоқия қарайды, Доскей әңгімесі жүздеріне қан жүгіртіп, желпіп өткен секілді.

    Әлден уақытта:

    – Кәне кім сөйлейді?! – деді Мүлкаман.

    Тап әлгі әуезді әңгімеден кейін мына үн шырт ұйқыдағы тыныштықта бала қораздың шақырғанындай естілді, ыңғайсыз болды.

    Ешкім тіл қатқан жоқ.

    – Нағанай, сөйлесеңші?! – деді Мүлкаман жалынғандай боп.

    – Кәриялар айтты ғой, – деді есепші танауының астынан күңк етіп.

    – Өз пікірің бар емес пе?

    –Бұл жайдың басы – қасында болғаным жоқ, пәлен деп пікір қосудан аулақпын... Мақаңды жұмыстан босата қоятын себеп шамалы, но, Жаманеркектің логикасы дұрыс...

    Жұрт бір-біріне аңыра қарады.

    – Мақаңның өзі айтсын да, – деді де Нағанай мүлдем басылды.

    Нағанайдың ойы:«Нем бар кірісіп? Қазір Жаманеркекті жақтап сөйлесем ғой, көкірегі ояу, көргені көп бұл ауылдың кәрияларына жеккөрінішті болам, «жәдігөй екен» дейді. Мақұлбекті қорғап сөйлесем ғой, басшының пікіріне қайшы кеп қалам. Маған деген басшы көңілінде сенімсіздік туады. Мұндайда түлкі бұлаңға салып құйрықты ұстатпай кеткен ләзім. Аңдап басып, әріден ойлаған жөн. Көрерсің, жиылыс аяқталған соң, екі жаққа да жанашыр ағайын өзім болам. Шалдар: «түсінігі бар бала», – деп мақтайды. Жаманеркек: «қолдағаныңа рахмет, соғымыңа бір өгізшем дайын», – демесіне кім кепіл. Иә-ә, өмір сүре білу керек. Меңгеруші де семірген бұқа секілді бірбет, тік кетер неме. Қашан барып басымен жарды соққанша тыншымайды. Әттең оқығаны бар, әйтпесе мына Нақаңдар екі бүктеп, жалғыз қылғыр еді.

    – Мақа, сөйлейсіз бе? – деп зілденді Мүлкаман. Үнінде салқын сыз сезілді.

    Мақұлбек ештеме естімегендей отыра берді.

    Мақұлбектің ойы:«Мен не демекпін? Айтылар сөз айтылды. Балалардың алдында тіземді дірілдетіп тұрып, бүгежектеп, жалынғандай болғаным – сүйегіме таңба шығар. Е қартейейін дедім, е заманды түсінуден қалып барам: екінің бірі. Әйтпесе, қорықшы болғаным тап бүгін емес, қорық қадірін менен артық кім ұғар?! Әр ағашын тамырынан тартып өсірген өзім емес пе едім?! Қазіргілердің ойын тану, қыбын табу, көкейін алдау қиындап кеткен.. келе-келе, кісінің жаны шишаға айналып, ішіндегісі түгел көрініп тұрады деуші еді. Мыналарың шиша емес, нағыз алақұйын ғой».

    – Жоқ-ә, мен айтатын не қалды?..

    ...Кеңсеге тағы бір топ: поштакеш жігіт, мектеп директоры, дүкенші, бірер бейтаныс жан сау етіп енді.

    Әркім әрқилы жайғасып жатты, түрліше сәлемдесті. Қастар қағысты, жалпақ алақандар түйісті. Мақұлбек ішінен: «қазақ жұртының қол қысып амандасуы шын достықты аңсаудан туған әдет-ау» деп ойлады. Өзі де жүрек ақтарыса сырласар жақындықты сағынды, жанына демеу іздеді.

    «Қол беріп амандасау – ғасырлар бойғы бабалар тәрбиесінен туған туыстық. Белдесу мен серттесуді жеткізе алар бірден-бір ғұрып, әдемі ақиқат. Ол – көкейде құрт құжынап тұрып, езу тартып бас изесу де емес; ол – іштен боқтап алып, сызданып «сәлеметсіз бе-е-е?» деп көлгірсу де емес. Қол беріп амандасу – ала-күлік көңілді тазарту, жел кірген ойды басу, жүрек бүлкілін жеткізу».

    «Достассаң да, қастассаң да ағынан жарылғанға не жетсін!»

    Енді байқады, дабыра көбейген. Дәл құлағының түбінде бір малшы мектеп директорына қадала кетті.

    – Баламызды жұмысқа қуғанды қашан қоясыңдар? Күз бойы отын шаптырасыңдар, күрішке әкетесіңдер, енді көктем қылт етіп еді, кесек құйдырмақ деп естідім. Бұл не пәле?!

    – Кәрия, менің жұмысым емес, өкіметтікі ғой. Еңбек шынықтырады, шыңдайды, пысытады.

    – Қайдам. Қара жұмысты үйреткен мектепті көргеніміз осы. Баланы оқытсақ ілім алсын, көзі ашылсын дейміз де.

    – Қазіргі бағыт солай, кәрия. Еңбек пен оқу егіз.

    – Қайдам...

    Мүлкаман орнынан көтерілді, «кәне, жолдастар, тынышталайықшы» деп қынжыла дауыстады.

    – Әрі жалғаймыз. Екінші мәселе көш– қон жайы. Ұжымшар басшылары «Ынтымақ» пен «Қосүйеңкі» бөлімшесін қосып, жалғыз ферма жасау туралы шешім қабылдаған. Алда Ынтымақ елін ылдиға көшіру проблемасы тұр. Қане, қандай нақты ұсыныстар айтасыздар? Нақа, жазып отыршы, – деді.

    Жұрт даурыға жөнелді. Кімнің не айтқанын ұғу қиын, әйтсе де көпшілік қабағы салқын; ашына айтады, жери тыңдайды, «е, жөн екен» деп жатқан кісі тағы көрінбейді. Мына шетте қапелемде дүкенші Құлшығаш пен қара түйекеш түсініспей шатасып қалды.

    – Ссудаға көтерме ақша бере ме екен? – дейді түйекеш.

    – Қайдағы ақша?! – дейді Құлшығаш. Қисығына сөйлейтін қашанғы әдеті.

    – Барып кіре қоятын даяр үй жоқ, киіз үйде қыстамаймыз ғой, там салуға қаражат керек.

    – Несі бар. Мыңғырған байсыздар. Он түйе сатсаңыздар үй орнай қалар.

    – Бай болып барымта алдым ба сенен?! Не болса соны айтады екен.

    – Одан да сараңбыз десеңдерші!

    – Сараң боп сенің сарқытыңды іштім бе?! Табан ақы, маңдай терім. Сен құсап барын араққа салып жүргенім жоқ!

    – Ой әкеңнің... Сенен арақ сұрадым ба?!

    – Ендеше көкіме!!

    – Жолдастар, дауды қойыңдар! – деп, дауыстады Мүлкаман.

    Ойға келді. «Бұлардан кеңес сұрап жүрген өзім де ақымақпын. Мақұлбектің мәселесі секілді бұл да божырайтын болды тағы. Одан да ұсынысты, тоқ етер шешімін өзім айтайын».

    – Шешім былай: әуелі бөлімшедегі дүкен, сосын мектеп, сосын кеңсе, сосын жауапты қызметкерлердің үйі көшеді. Бұларға жүк мәшинесі бөлінген. Былайғы жұрт біртіндеп қам жасап, атпен, түйемен жылжығаны мақұл. Баршаңызға көлік жетіспейді. Бара, белгіленген участок бойынша үй саласыздар. Биыл ұжымшарда құрылыс жабдықтары мүлде тапшы, ағаштан аздап қол ұшын бермек. Әлгі ссуда, көтерме жәрдем дегендеріңізден ештеме шықпайды. Бұл жөнінде басшылар «ауыз ашпасын» деген. Қойшылар қара күзді күтеді, оларға ылдидан қора салынып жатыр, үй де болады. Тек міндеттемені асыра орындасаңдар жарағаны– е– е...

    3

    Алақандай кеңсе ішіндегі ұясына ене алмай қос қарлығаш есік алдында әлі шықылдап ұшады, күн еңкейіп барады.

    Көлеңкеде, қаңтарулы тұрған мініс аттары басын төмен салып, өзара бақұлдасқандай, әредік пысқырып қойып, құйрықтарымен дамылсыз шыбындайды кеп. Мақұлбектің Салпаңқұлағы мүлгіп тұр, күнделікті зіркіл жортыс, мал қуу, қала берсе, қияға өрмелеп із кесу әбден қажытқан секілді. Жал-құйрығы таралып, селдіреп қалыпты. Әр кезде құлағын жара «қың» етіп құтыра дауыс шығарған Мүлкаманның айғырына жаратпай қарайды. Ол қоңды, тезегінен баданадай бөрткен бидай түседі. Қарап тұрмай қасындағы жылқыларды тістелеп, қуғыштап есіре түседі, есінейді.

    Доскейдің қасқасы оқшау байланған, көлеңке кішірейіп, күн астында қалыпты, бірақ қапырақтан қаймығып, не сирағы талып басын жерге әлі бір салған жоқ. Тас мүсіндей қақшиған күйі. Алдыңғы аяқтарының бұлшық еттері білеуленіп көзі еріксіз тартады. Сауыры, содан жаңбырлылығы тегіс, қоңды көрінді. Бапкер жанның қолы қашып, мінеп тастапты. Ат сымбатына шырқ айнала қараған Мақұлбектің оқымысты қарасы енді бұрылып, кеңсеге беттеді. Мектептен шыққан беті болатын. «Қайтарда кеңседен тосамын. Мінгестеріп ала кетейін» деген әкесі. Уәде есінде, ептеп басып, шалқасынан ашық тұрған есікке тақады, көз алды көкала түтін, құлақта тарғыл дауыс... балаға мүлдем түсініксіз әңгімелер еді.

    Мүлкаманның «әу, ағайын» деген бастықтың қарлығыңқы айқайы шықты...таныды...былтыр үйіне кеп қонақ болғанда да осылай дауыс көтерген... гуіл басылды.

    – Малшыларға тиісті мәслихат бұл, ақырғы айтарымыз...

    – Өлмеген құлға жаз да келді. Жарты жылдық мал санағы жүреді. Санаққа дейін бірде-біреуіңде кем тұяқ болмасын. Қарызды дереу жауып құтылыңдар, өлгендерге акт шығартыңдар, өкімет есебі дәл ұрсын. Кеміс болады екен... өкпелемеңдер... Малды сыпырып алып, істеріңді сотқа тапсырамын. Ойламаңдар, бұл жыл сайынғы жүрдім-бардым аха-ху санақ емес, мемлекеттік маңызы бар; күшті сығымдап, бесжылдық жоспар жасайтын науқан. Әкімшілік осы мәселеге қатты көңіл бөліп отыр...

    – Айтып болдым. Түсініспестік болса сұраңыздар.

    Мүлкаман орнына сылқ отырған, орындығы таныс әуенге басты, терін сүртуге қалтасынан ортамал іздеп еді, таба алмады. Ішінен, үйде салқын саяда қалған келіншегіне кейіді. Сол екі арада есік алдына ақ қалпақ шошаң еткені... қойшы көтерілді. Сауал қоя тұрғаны бұл. «Иә» деп иегіңді қағып, ұғындырып көр енді» деп ойлады Мүлкаман.

    Мүлкаман иегін көтерді.

    – Ерте көктемде бес тұсағымды тасқын алып кетіп еді. Акт берер ме екенсіңдер?

    – Берілмейді. Тұсақтар аурудан өлген жоқ, стихиядан кетті. Сіз мүмкін қасқырға жегізген малыңызға да акт сұрарсыз... Дереу орнына өз малыңызды қосып құтылыңыз.

    – Иә.

    – Ұжымшар басшылары базар бағасымен қағаз беріп он қойды алып жеп еді. Сол он қойдың терісінің құнын бухгалтер айлығымнан ұстапты. Бұл қалай? Қойды басшылар жейді, терісін өзім төлеуім керек пе сонда?

    – Оны аудандағы юристен сұраңыз.

    – Иә.

    – Екі– ақ баспыз. Ұжымда өзім он жеті жыл, кемпірім жеті жыл істеген. Екеуін қосып, бір зейнетақы тағайындаса қайтеді?

    – Болмайды ақсақал.

    – Иә.

    – Наурыз айындағы айлығымды ауылкеңес баланың қарызына жатқызып жіберіпті. Сонда, жалақымды бөтенге жазып жіберген бухгалтерден даулаймын ба, жоқ ауылкеңес баладан даулаймын ба?

    –Ағайынгершілікке жараған ақшаны қайтесіз даулап. Сіз қарыздансаңыз да сөйтеді, басқаның жалақысын шығыныңызға жатқыза салады.

    – Қосүйеңкі қонысқа жайсыз көрінеді...

    – Ол жағын бара көрерсіз, қария.

    Булығып тұрып арнасынан ағытылған тоған суындай сауал лақылдап кеп төгілді, Мүлкаман қиналар емес, естігенін естігенше қағып салып жаңғақша шағып тастап үйренген.

    Күн бата жиналыс жабылып жұрт тарай бастады.

    Мақұлбек бозқырау басынга қалпағын киіп, табалдырықтан аттай берген еді, Мүлкаман дауыстап тоқтатып алды.

    – Мақа, сіз ертеңнен бастап қорықшылықтан босайсыз. Зейнет жасына жақындап қалдыңыз, табысы көп жұмыс тауып берерміз. Ал, уақытша қорыққа өгізшелерін етке тапсырып біткесін Жаманеркек бара тұрар... Әлгі әңгімені көңіліңізге алмаңыз. Ағайын адамбыз...

    Мақұлбек үнсіз кетті, сыр бермеді.

    Бірақ Мүлкаманның әлгі сөзі жанынажайдың оғындай тиді, өзегін өртеді. Енді көзіне барша тірлік ұсқынсыз, сөлекет көрінді. Таңдайы кермек татыды. Сүйегіне сіңген қорықшылықтан қол үзсе – тамыры қырқылып, қурап қалған қара ағаштай боларын анық сезді. Сезсе де, тіс жарып пәлен демеді.

    Салпаңқұлаққа келіп ауыздық салғанда байқады, соңынан үлкен сөмкесін сүйретіп қара баласы еріп жүр екен, мінгестіріп алды. Мазақтағандай боп шайға шақырған Жаманеркектің сөзін құлағына қыстырмады.

    Бұл дүлей боп соғар жан дауылының алдындағы азғана тыншу шақ болатын.

    Салпаңқұлақты сипай қамшылап, ыңылдап, өзенді аяқтап келеді. Қара бала артында жарбиып отыр. Әкесінің бұлт мінезін, көңілсіз күйін түсінбесе де әріден туып, бұрқанып басталар ыза– ызбарды анық сезетіндей: «көке, сізді неге қорықшылықтан босатты?» деп сұрағысы бар. Бірақ бата алмайды, әр сөз көмейінде түйін-түйін тас болып қалып жатыр.

    Кешкі самал соқты. Бал құрақтар ат сауырын, әке мен бала балтырын сипап, әтір иіс шашады.

    Ай кеудесін көтере туды. Өзен суына, қоғалардың жапырағына, жүген сағағына шағылысқан ақ сәуле бір әсем әлемді ашып жібергендей.

    Әсем әлем.

    Бұл – тыншу даланың түнгі тынысы, тау өзенінің сылдыры мен сыңғыры, шолп еткен бала балық, алыстан кісінеген жылқы сарыны. Бұл әсемдік әке артында қалғып келе жатқан қара баланың самал желпіген кекілінде еді. Бұл әсемдік самайын бозқырау шалған: өмірдің ызғарына саусағын үсітіп, қызыл қызғалдағын теріп кеп, енді таза тыныстап жұтар Қаратау ауасына іңкар әке көкейінде. Әсемдік – әсем аяңдаған Салпаңқұлақтың аршын қадамында. Әйтеуір, ай толысып туғанда – қайта бір күнаға батып, қайта бір дүниеге келіп, түу сонау мың жылғы бұйығы күйін қайта елестетер табиғат ғажайыбы осы. Мұндай шақта Қаратау адам жанымен табысқыш келеді.

    Өзеннің қос қабағында малшы ауыл. Жымың еткен жұлдызға қосылып жылтылдап от жанады, сүт пісіріп, шай қайнатып жүгіріп жүрген шопан келіншектері ол. «Айтақ-ау-у», деп әріден айқайлаған қойшы дауысы құлаққа созылып жетеді.

    Күлкі келеді.періштедей инабатты, ибалы қара торы сұлу қыздар кешкі қараңғылықты пайдаланып суға шомылып жатыр. Күндіз жігіт көзінен қорғанады. Тасқа шық етіп тиген ат тұяғынан селк етіп, бұтаны паналап қалды. Мақұлбек мұртын сипап, жымиып қойды, кеудесіндегі кәрі жүрек тағы бұлқып соқты.

    - Шіркін-ай!

    Шалқайып туған ай астында сыңғыр күлкілі, түн сырлы қара көз қыздарды талай құшқан. Ол да бір қас қағымдай қызығы көп заман болған. Есінде... қара торы сұлуды қапыда ұстап алып, сүйгісі келген еді. Қыз құрыққа тұңғыш түскен құлындай бұлқынғаны. Қайыс қолдан құтыла алмасын біліп, сыңсып жылап отыра кеткен. Алып соғып қызылдар қасқыр емес қой. Мақұлбек те қатты толқып: «Неге қорқасың?» деген еді. Сонда жасқа булыққан қыз: «Анам – жігіт қолына түспе, түссең ардан айырып, қара күйе жағып, қатын етеді – деп құлағыма құйған еді» деді. Шіркін-ай деген. Кісіні тебірентер не қилы сыр болады ғой, Мақұлбек тап әлгі сөзді естігенде, сары майдай еріген, құрақ боп иілген. Қызды атына мінгізіп, өзі жаяу жетелеп үйіне апарып салған.

    Құлағына күлкі келеді.

    Қыз шіркіндер жауырыны күжірейіп артына бұрылмай кетіп бара жатқан мұны: «Басы мәң болып, бейнет шеккен байғұс шопан білем» деп ойлады-ау. Ішінен сезіп келеді. Қолын арқасына жүгіртіп қалғып келе жатқан баласын ұстап қалды. «Мейлі де. Күліңдер, жар болыңдар. Әйтеуір мына әсем әлемді бүлдіре көрмеңдер, мысқал болса да сұлулық қосыңдар. Әр боп көрініп, ән боп естіліп, табиғатқа тартыңдар». Мақұлбектің кімге де болса айтар тілегі осы.

    Өз қызы Сая есіне түсті. Былтыр жазда кәмелетке толып, аттестат алған. Алматыдан демалысқа келген Доскейдің кәмпазитр баласы азғырды ма, жоқ, өз көкірегінің құрты ма, қыз: «оқимын» деп, қатты талпынған. Қинаған. Қол қысқалық етті... «уыстан мүлде шығарып алармыз» деген уайым жеңді... Әйтеуір өзінің құдай сүйер қылығы қайсы, жібермеген. Бірақ қыс бойғы қызының көз жасын, сынық көңілін көріп іштей опынды; қабырғасымен кеңесті. Ақыры: «жас адам да ақ үрпек балапан секілді, қанатын қырықпайын, ұшып көрсін» деген тоқтамға келген. Тақауда бұл шешімін қызына мағлұмдап қуантып қойған.

    Көзінің алдына үйіріле қалған жасты жеңімен сүртіп жіберді. Бұл күні бойғы көкейге у болып жиналған запыран ойдың жасы еді.

    Сергіп қалды, пендешілік тіршілікті ұмытып: «мейлі де, қорықшы болмағанда аштан өлер деймісің. Біреуден ілгері, біреуден кейін боп ғұмыр кешемін. Арым, жаным таза әйтеуір. Қос жаманым тірі болсын. Оқытайын, адам

    Enjoying the preview?
    Page 1 of 1